Елімізде шлем кимеген электр самокат жүргізушілеріне айыппұл салынады. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді. «Жол бойында самокат пен автокөлік соқтығысқан жағдайда ғана статистика жүргізіледі. Былтыр елімізде осындай 43 апат болды, бір адам қаза тапты. Олардың барлығы Алматыда тіркелді. Биылдың өзінде осындай екі факті бар. Бірақ бұл электр самокаттың автокөлікпен немесе мотоциклмен соқтығысқан кездегі статистикасы. Жаяу жүргіншілер жолағында апаттар әлдеқайда көп. Ал бұл оқиғалар бойынша статистика жүргізілмеген. Енді көліктің осы түріне қатысты нақты талаптарды заңдастырсақ, Бас прокуратура мұндай статистиканы қамтиды», — деді Игорь Лепеха. Электр самокаттардың жылдамдығы сағатына 25 километрден аспауы тиіс. «Самокатпен жолға шыққан кезде, оның жүргізушіде міндетті түрде тиісті шлем мен жарық шағылыстыратын (түнде) киімі болуы керек. Бұл талаптарды елемегендерге айыппұл салынады», — деді министрдің орынбасары. Сондай-ақ 18-ге толмағандар электр самокатпен жүре алмайды.
JQ-Aqparat

