Қалың көпшілікке “Бауыржан шоу” театры арқылы танылған актер Алмат Сақатов отандық бағдарламаның бірінде мемлекет тарапынан еленбей жүргенін айтты. Өнер иесі бір кездері мемлекеттік атақтың сатылғанын да жасырмады. “Негізі атақ алғым келмейді, егер бере қалса бас тартпаймын. Пендеміз ғой, кейбір кезде кеше ғана сахнаға шығып, алты өлең айтып жүргендердің ішінде ел білетін үш әнші «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” деген атақ алып жатады. Бір концертте “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” деп хабарлағанда 25-26 жастағы бала шығады. 30 жыл сахнада жүрмін. Бауыржан шоуда жүрдік, қиын кезде жүрдік, қаншама киноға түстік, спектакльдер қойдық, тележобаларға қатыстық бірақ атақты сатып алу керек. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағының құны кезінде 5000 доллар болды. Маған: «5000 доллар бересің, ертең осы атақты алып беремін» деп ашығын айтқандар болды. Алмаймын, ол ақшаға ешқандай пайдасы жоқ. Оған бергенше бала-шағама берейін ол ақшаны», — дейді актер.
JQ-Aqparat