Алматыда көлікпен «Көктөбе» паркингіне (жоғарғы станса) кіру бағасы 5 мың теңгеден 7 мың теңгеге дейін өсті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Желіде Көктөбенің жоғарғы станциясына дейін көлікпен жүру бағасына шағымданған әйелдің видеосы тарады.
«Бұл масқара, ұят жағдай. Мына жерден өткенде кішкентай әріппен жазылған жазу тұр, ол дұрыс көрінбейді. Қараңыздар, 7 мың және 200 теңге айырмашылық бар (Омаров, 41 мекенжайындағы паркингке кіру – ред.). Егер айырмашылығы 10 есе, құны 2000 теңге болса түсінер едім. Бірақ, бұл 7 мың теңгеге не істейсіздер? Күніне бұл жерден кем дегенде 200 көлік өтеді. Бұл ақшаны не істейсіздер сонда?» деп шағымданды Алматы тұрғыны.
«Көктөбе» әкімшілігі 1 мамырдан бастап паркингке кіру құны өскенін хабарлады.
«Бұрын құны 5 мың теңге болған, қазір 7 мың теңгеге өсті. Сондай-ақ, прайсқа сәйкес паркингке (төменгі станция) кіру құны — 500 теңге, парк аумағына мопед немесе мотоциклмен кіру құны – 1500 теңге, микроавтобуспен кіру – 15-25 мың теңге арасында» делінеді хабарламада.
Айта кетейік, «Көктөбе» демалыс саябағы Алматы қаласының символының бірі саналады. Ол теңіз деңгейінен 1100 метр биікте орналасқан.