Петропавл тұрғыны көшеден патрон салынған пакетті тапты. Оқ-дәрі атуға жарамды болып шықты.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 35 жастағы петропавлдық Ғ.Мүсірепов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында оқ-дәріге ұқсас зат салынған пакет тауып алды. Ер адам дереу полицияға қоңырау шалып, болған оқиға туралы хабарлады.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы иір ойықты қаруға арналған 11 патрон салынған пакетті тәркіледі. Сараптама көрсеткендей, бұл оқ-дәрі 5,56х45 и 7,62х39 калибрлі атуға жарамды патрондар болып шықты. Мұндай оқ-дәрі «Сайга», «Вепрь» және басқа да аңшылық карабиндеріне жарамды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазір полицейлер патрондардың иесін анықтап жатыр.
«Көктемгі аңшылық маусымы кезінде қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз сатып алу және сақтау үшін жауапкершілік көзделгенін тағы бір мәрте еске саламыз. ҚР ҚК 278-бабының 3-бөлігінің санкциясына сәйкес атыс қаруын (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа) және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау – 5 мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салудан, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін әкеп соғады. Сондай-ақ тіркелген қарудың қылмыстық ортаға түсу қаупін азайту үшін оны қауіпсіз сақтау шараларын қатаң ұстану қажет екенін еске саламыз», — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.