Астанада көпқабатты үйдің 9-қабатынан құлаған 3 жасар сәби оқиға орнында қайтыс болды. Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«10 маусымда 102 каналына Жүргенов көшесіндегі үйдің ауласында 9-қабат биіктіктен бала құлағаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Үш жасар қыз алған жарақатынан сол жерде көз жұмды», — делінген ресми хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, оқыс оқиға бойынша сараптама тағайындалды.
Астана қаласының полиция департаменті қауіпсіздік ережелерін сақтау және балаларды назардан тыс қалдырмау керектігін тағы бір еске салады:
— Бала үйде болғанда терезелерді ашық қалдырмаңыз. Өзім қасындамын ғой деп ойлайсыз, бірақ сіздің бір сәт басқа нәрсеге алаңдауыңыз, баланың өмірін қиюы мүмкін;
— Ешқашан москит торларына сенбеңіз, балалар оларға сүйенеді және тормен бірге құлап кетуі мүмкін;
— Бала терезені өздігінен аша алмайтындай арнайы қорғаныс жүйелерін (құлып, блокатор) орнатыңыз;
— Жиһазды терезеден алыс қойыңыз, сонда бала терезе алдына шыға алмайды.