Қазақстанда жалпы ішкі өнім тау-кен өндіру өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары есебінен өсіп отыр. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – шамамен 30%, оның ішінде автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36%, электр жабдықтарын шығаруда 35% өсім тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ға, оның ішінде текстиль өндірісі – 42%-ға жуық өсті. Сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды. Химия өнеркәсібінде өсім – 3,5%-ды құрады», — деді ол.
Смайылов сондай-ақ тау-кен саласындағы өсім шикі мұнайдың 5,6%-ке және табиғи газдың 2,5%-ке ұлғаюы әсерінен болып отырғанын айтты.
«Құрылыста 12%-тен астам орнықты өсім қалыптасты. Ауыл шаруашылығында өсім – 3%. Қызмет көрсету саласы шамамен 5%-ке өсті», — деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, сауда-саттық 10,4%-ға, ақпарат пен байланыс 8,8%-ға және көлік саласы 7,4%-ға өсті. Тау-кен өндіруді есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 14%-ға жуық өсті.
Үкімет басшысы мәліметінше, 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.