Қарағандыда төрт жасар қыз ешкімге айтпай балабақшадан шығып кетіп, үйіне оралған. Бүлдіршіннің территориядан асып кеткенін ешкім байқамаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Балабақшадан үйіне өзі қайтқан төрт жасар бүлдіршінді көршісі көшеде көріп қалып, бірден анасына хабарласқан. Ол уақытта жұмыста болған әйел бірден үйіне келген. Сәби анасына өзінің сүйікті тәрбиешісі бүгін жұмысқа шықпағанын айтқан, сондықтан ол өз бетімен үйге кетіп қалған. Сондай-ақ, бүлдіршін шөлдеп су сұраған кезде, оның өтінішін тәрбиешілер елемеген екен.
Баланың анасы балабақшаға хабарласып, мекеменің әкімшілігі неліктен салғырттық танытқанын сұраған. Алайда ондағылар баланың кетіп қалғанын тіпті білмеген болып шықты.
Қарағанды әкімдігінің білім басқармасы болған жайтқа қатысты шара қолданылатынын жеткізді.
«Балабақша тәрбиешісі мен директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, осы мектепке дейінгі мекемеде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде тексеру жүргізілуде», — деп қаланың білім бөлімінде түсініктеме берді.