Алматыда құрылыс заттарын сататын дүкен отқа оранды. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды 20 минуттің ішінде сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін 16:16-лар шамасында өрт сөндіру бригадасы Түрксіб ауданы «Қайрат» ықшам ауданы, Түркістан көшесі 27, мекенжайына жоғары ранг бойынша шықты. «Оқиға орнына 6 минутта келген өрт сөндірушілер құрылыс материалдарын сататын дүкен аумағының 150 шаршы метр жері ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады. Қабылданған шаралармен 16:33-те өртті ауыздықтауға қол жеткізіліп, 16:42-де жойылды»,- деп хабарлады департаменттен. Қазіргі уақытта, үйінділерді бөлшектеу, тұтанып тұрған құрылымдарға су төгу жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған шаралармен тауарлық-материалдық құндылықтары бар көрші сауда нүктелеріне оттың таралуына жол берілмеді.