Президенттің бастамасымен 2022 жылды ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы деп жариялаған еді. Яғни, Мемлекет басшысы, төл тарихымызды сақтауға, қастерлеуге, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу керектігін айтқан болатын.
«Мәдени-гуманитарлық өлшемдер тарихи байланыстарды сақтауда және халықтарымызды одан әрі жақындастыруда дәстүрлі түрде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты біз 2022 жылды ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы деп жарияладық. Мерейлі жыл аясында тарихи байланыстарды сақтауға, мәдениет, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған 100-ге жуық іс-шара өтеді», деп айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте, тағылымды тарихтан шыр шертпек болған Шымкент қалалық жастар «Birgemiz: Asyl Mura» жобасы аясында, тарихи орындарда болып қайтты. Жастарға еліміздегі белгілі орындар мен тарихи мекендерді кеңінен таныстыру, насихаттау мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Тарихи құндылықтармен танысу Түркістан облысы Төлеби ауданында орналасқан Ғайып Ерен Қырық Шілтенде өтті.
Ғайып Ерен Қырық Шілтен туралы ауыз әдебиетінде ғана емес, ел арасында да әңгімелер өте көп. Тарихы тереңнен бастау алған мекенде бейнетүсірілімдер мен суреттер түсіруге тыйым салынған.
Бұл орында ешқандайда ата-бабамыздың сүйегі жатқан жоқ. Мұнда Адам Ата мен Хауа Ананың белгісінен бастап он сегіз мың ғаламның белгісі бар. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің орны қазір абаттанып, толық қоршалған. Көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақ үй бой көтерген, — деді сол мекенің шырақшысы. Тарихи мекен жөнінде толық ақпараттанған жастар, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.