Алматыда дизельді автобустарды сатып алуға тыйым салынады. Бұл туралы Ерболат Досаев өткен жұма күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беру барысында айтты.
Шаһар басшысының сөзінше, мегаполисте қоғамдық көліктің экологиялық түрлеріне толық көшуі бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«2023 жылы 1 430 бірлік экологиялық көлік жеткізіледі, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 600 автобус пен 100 троллейбус. Жеке тасымалдаушылар 730 автобус, оның ішінде 30 электробус сатып алатын болады. Келесі жылдан бастап дизельді автобустарды сатып алуға тыйым салынады», — деді Ерболат Досаев.
Айтуынша, аталған шаралар қоғамдық көлікті экологияландыру деңгейін 2023 жылдың өзінде-ақ 60%-ға және 2025 жылға қарай 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.