Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет» деген болатын. Шымкент қаласында Президент тапсырмасын орындау мақсатында түрлі іс-шаралар мен жобала қолға алынған.
Білім саласындағы мәселелердің бірі – материалдық-техникалық база. Биыл мектептерді жабдықтауға 6 млрд теңге бөлінгеніпті. Мектептер 259 арнайы пәндік кабинетпен жарақтандырылады. Былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді.
Кәсіби білім беретін мекемелерге келер болсақ, былтыр 2 колледж жабдықталса, биыл тағы 5 колледж жабдықталады. IT, құрылыс, дәнекерлеуші, радиобайланыс мамандықтары бойынша кәсіби бағдар беретін құзіреттілік орталықтары ашылған. Білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасына қатысты жоғары талап қойылып отыр. Барлық директорларды адал жұмыс істеуге, білім сапасын арттырып, болашақ үшн қызмет етуде. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы суицидті зерттеген Халықаралық ЮНИСЕФ қоры Қазақстанда ата-аналар балаларымен күніне тек 15 минут қана сөйлесетінін анықтапты. Ата-аналардан балаларымыздың білімі мен тәрбиесіне күніне кемінде бір сағат уақыт бөлу жайында түсіндіріліп келеді.
Биыл жаңа оқу жылында қаладағы білім ұйымдары қосымша 48 нысанға артып, жалпы саны 946-ға жетті. Отыз балабақша, он бес мектеп пен 1 оқушылар сарайы, сондай-ақ психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес пен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемелері биыл ашылып, білім нысандарының қатарын көбейтті.
Осы жылы қала бойынша 28 042 оқушы 1-сыныпқа барады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 24 500 бала, 2022 жылы 26 500 бала 1-сыныпқа барған. Яғни жыл сайын қалада бала саны өсіп келеді. Оның ішінде қазақ тілінде – 21 572, орыс тілінде – 4 125, өзбек тілінде – 2 345 оқушы қабылданып отыр. Ал жалпы, бүгінде 246 қала мектебінде 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік болса, қалғаны мемлекеттік мектептер санатында.
Сонымен қатар биыл «Мектепке жол» акциясы дәстүрге сай тамызда емес, одан ертерек басталды. Акция барысында жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушының әрқайсысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 41 мың теңгеден таратылды. Шымкентте мұндай оқушылардың саны – 53 893 бала. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясына 2 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында 1-4 сыныпта оқитын оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылады.