Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттер үйінде гендерлік саясат және қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты іс-шара өтті.
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының ассоциациясы бірігіп ұйымдастырған жиында қыздар арасындағы әлімжеттік, ерте жүктілік, денсаулық, өмір қауіпсіздігі жайында маңызды ақпараттар берілді.
Ұлт саулығы мен саналы ұрпақ үшін ананың рөлі ерекше. Сондықтан халқымыз ежелден «әйелге – ана, балаға – дана деп қара» деген ұғымды алға тартып, қыз баланы жастайынан жат қылықтан ада етіп, оның тәрбиесі мен денсаулығына көңіл бөлген. Бүгінгі таңда бұл игі дәстүр жалғасын тауып, қоғамдық ұйымдар жоғары оқу орны мен колледж студент қыздармен жиі кездесіп, өздерінің ақыл-кеңестерін беріп жатыр.
Жиынға Шымкент қаласы іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Эльенора Ағабекқызы, Шымкент қалалық полиция департаментінен полиция аға лейтенанты Жаңыл Қаныбекқызы, №3 қалалық емханасының психолог маманы Әлия Аңсағандыққызы қатысып, студенттерді мазалаған сұрақтарға жауап берді.
– Қыздарды ересек өмірде дұрыс жолға бағыттау – біздің мақсатымыз. Қыздар арасында жат қылықтардың алдын алу, тәрбиелі, білімді болып, гигиеналық тазалықты дұрыс және күнделікті сақтауға үйрету, өз бойларын, ойын дөрекіліктен сақтандыру, инабатты болып өсуге баулуда мамандардан дұрыс ақпарат алды деп ойлаймын, – деді іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Эльенора Ағабекқызы.
Жиын соңында мамандар студенттеге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын ұсынды.