Павлодардағы сауда үйлеріне адамның бет-әлпетін тану функциясы бар бейнекамералар орнатылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Атриум сауда үйі, SMАLL және GRENWICH сауда нүктелері желісімен іс-қимыл барысында тұлғаны тану жүйелерін неғұрлым тиімді пайдалану туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл жүйелер іздеуде жүрген қылмыскерлерді, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, алиментті қасақана төлемейтіндерді және басқа да күдікті адамдарды тануға мүмкіндік береді», — деді Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.
Қоғамдық орындардағы ұрлықтың алдын алу мақсатында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында Павлодар қаласы мен облыс аумағында қызметін жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдерімен тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бизнес саласының өкілдерімен, ірі сауда үйлері, дүкендер мен ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік қызметтері және күзет құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Полицейлер ұрлық жасауға бейім адамдардың фотосуреттері бар тізімдерді қоғамдық орындарда тұрақты негізде орналастырады. Адам көп жиналатын жерлер мен қоғамдық көліктерде аудио хабарландыру жасалады.