Шымкентте өткен жылы мемлекеттен 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алып, бизнес-жоспарларын жүзеге асырған 1000-нан астам кәсіпкер жеке кәсіппен айналысуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы грант алған азаматтардың алдағы уақытта шағын кәсіптен орта бизнес деңгейіне көтерілуіне қолдау көрсетпек. «Арбат» алаңында қайтарымсыз грант иегерлері жыл ішіндегі жемісті жұмыстарын ел назарына ұсынды.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант иегерлері өнімдерінің жәрмеңкесіне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, кәсібін дөңгелетіп отырған 200-ге жуық кәсіпкердің бизнес-жобасымен танысты. Кәсіпкерлердің басым бөлігі тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салаларына қажетті және қолөнер, жиһаз өнімдерін ұсынды.
–Қайтарымсыз грант қаржысы бұл аты айтып тұрғандай мемлекетке қайтарылмайды. Жоба бүгінде халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау шарасы биыл да жалғасын тапты. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде 228 азамат грант иегері атанды. 11-22 қыркүйек аралығында өтіп жатқан III-лекте қалған 29 грантқа өтінім қабылдануда, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызы.
Қайтарымсыз грант отандық, оның ішінде шымкенттік өнім көлемін арттыруға септігін тигізуде. Грант иегерлерінің өнімдерін кеңінен насихаттап, оны дәріптеуді көздеген жәрмеңкеде кәсіпкерлер көпшілікке бәсекеге қабілетті екенін көрсете білді.
–Өткен жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысып, грант ұтып алдым. Менің өнімім – үйдің ішкі, сыртқы әрлеуіне арналған сұйық мрамор панельдері. Мрамор қиыршығынан жасалған бұл өнім отқа төзімді әрі жылуды сақтайды. Жасалу технологиясын Өзбекстаннан оқып келдім. Біздің қаламызға бұл материал сырттан келеді. Қазір шикізаттың келуін күтудеміз. Тапсырыстар бар, алдағы уақытты кәсібімді ұлғайтып республикаға шығарғым келеді,– деді кәсіпкер Нұрлан Тұрсынәліұлы.
Мемлекет мүмкіндігін қолданып, жеке кәсіптің көзін тапқандар тағам өнеркәсібі, кондитерлік өнім, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша әлеуметтік жобаларды іске асырған. Десе де бұл қаржыны дұрыс өз мақсатына жұмсамайтын кәсіпкерлер де бар көрінеді.
–Өткен жылы 1195 кәсіпкердің жобасы комиссияның оң шешімін алған. Оның ішінде 1100 грант иегері кәсібін бастаған. Ал қаржы алып, кәсіп ашпағандарға ережеге сәйкес қаржыны қайтаруын талап етіп хат жазамыз. Қайтармаған жағдайда сот үкімімен мемлекетке қайтарылады,– деді Б. Полатқызы.