Шымкент әкімі тұрғындардың ұсыныс-тілегін ескеріп, тұран шағынауданына барды
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков есептік кездесуде Тұран шағынауданы тұрғындары көтерген мәселелер бойынша арнайы баратынын жеткізген еді. Осыған орай тиісті мамандармен бірге аталған шағынаудандағы үйлердің құрылыс барысымен танысты.
Осыған дейін Тұран шағынауданында жылу жүйелерінен бірнеше рет ақау шыққан болатын. Арнайы сараптама тағайындалып, қазандықтардың жарамсыз екені анықталған. Оған қоса, тұрғындар тарапынан үй қабырғаларының сапасыздығы айтылған.
Қала басшысы тиісті мамандарға сапаны назарға алуды тапсырды. Алдағы уақытта жауапсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатуды ескертіп, қарапайым халық зардап шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ құрылысты жүргізген мердігерлерге пәтерлердегі жылу жүйелерінің ақауларын тез арада қалпына келтіріп, қысқа дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде Тұран шағынауданында 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Айта кетсек, Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Шаһар басшысы тұрғындарға әлеуметтік-экономикалық даму мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу жұмыстарының барысынан хабардар етіп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Алдымен аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Қаратау ауданында 213 мыңнан аса тұрғын қоныстанған. Ауыз сумен және электр жарығымен қамту 98 пайыз, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 96 пайызды құрайды. Аталған жүйелерді биыл 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Табиғи газ мәселесі 2025 жылы толық шешіледі. Өткен жылы 30 көше жарықтандырылса, биыл тағы 30 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда ауданда жоспарға енген 70 көшенің 52-де асфальттау жұмыстары аяқталды. 2023 жылы 33 шақырым 41 көшеге шағал тас төселеді.
– Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі – инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Жалпы инфрақұрылым бойынша магистралды жүйелерді жеткізіп береміз. Әрі қарай тұрғындар жүйелерге өздері қосылуы керек. Сонымен қатар, инженерлік жүйелермен толық қамтылып біткеннен кейін асфальт салынады. Тұрғындар мұны да білуі тиіс. Айтылған мәселелер бойынша елді мекендерді аралап көремін. Ал қоғамдық көлік мәселелерін зерделеп, кешенді жоспар бойынша шешеміз, – деді қала әкімі.