Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының ғимаратында «Мен сенемін жастарға» тақырыбында ұлттық құндылыққа негізделген тәлім семинары өтті.
Зиянды әдеттердің салдарын насихаттайтын семинарға «Alem» мектебінің директоры, педагог-психолог Боранбек Алтынбек Срайылұлы, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының директоры Әмірхан Айдос пен қала жастары қатысты.
— Кешегі тарихта өткен батырлар мен қоғам қайраткерлерінің мақсаты жалғыз ғана болды. Өз шекарамызды тектеп, көгінде қыран самғаған елді сақтап қалу ғана болды. Бүгінде марқайа мақтан тұтатын ата-бабамыздың артында бейбіт елде бейқам өмір сүрудеміз. Ендігі мақсат – кешегі Мағжан Жұмабаев сенген жастарда. Ол үшін қоғамдағы зиянды дүниелермен күресіп, ел болашағын жарқын етуіміз қажет, — деді Алтынбек Срайлұлы.
Семинар барысында қоғамдағы түрлі заттар мен оның адам өміріне әкелер кері әсерлері жөнінде сөз етілді. Жиында Америкадан арнайы алып келген құрылғының көмегімен спирттік сусындар мен шылымның адам ағзасына қаншалықты зиян екені көрсетілді. Жиын соңында жастарға тақырып аясында арнайы әзірленген видеоролик көрсетілді.
Сонымен қатар, Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Аль-Фараби академиялық мектебінің бітіруші сынып оқушылары өрт сөндіру қызметінің жұмысымен танысты. Мақсаты — жастарға төтенше жағдай туындаған кезеңдегі алғашқы көмек көрсете білуі мен төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ақпараттандыру.
ТЖБ қызметкерлері мектеп оқушыларына ең алдымен сақтық шараларын түсіндіріп, өрт сөндіру кезеңдеріндегі құрал-жабдықтармен өрт сөндіру барысындағы жұмыстарын көрсетті. Оқушылар өрт сөндіру құралдарының қызметімен толық танысып, практикалық тәжірибеден өтті.