Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен Шымсити шағынауданында Түркия көшесі атауы берілген тақтайша орнатылды.
Салтанатты жиын басында қала әкімі іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар алғашқы күннен достық пен бірлікке бастаған тұрақты байланыстарымыздың берік негізін қалаған. Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, қала көшелерінің біріне «Түркия» атауын беріп отырмыз. Бұл көше қаламыздағы ең жаңа әрі үлкен шағынауданда орналасқан. Осындай іс-шаралар Қазақстан мен Түркиядай бауырлас елдердің достығын нығайтуға, бір-біріне деген құрметін арттыруға септігін тигізетініне сеніміміз мол, – деді қала басшысы.
Түркия көшесінің ашылуына Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эврен Мюдеррисоглу, шымкенттік зиялы қауым өкілдері, түрік диаспорасы мен ақын, Физули атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Құрал Көмек және көше тұрғындары қатысты.
Айта кетсек, Бүгін мемлекетіміздің Тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, қаладағы 11 шағынауданда орналасқан саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауы берілді.
Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақстан мен Түркия – түбі бір түркі елдері. Біз – қарым-қатынасымыздың тамырын тереңге жайған елдерміз. Өйткені мәдениетіміз, дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз қатты ұқсас. Жақында екі ел басшылары өзара сенім мен қолдауға негізделген екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел ретінде Түркия Республикасын 100 жылдығымен құттықтай отырып, осы саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауын беру туралы шешім қабылдадық, – деді қала басшысы.
1609 символ