Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы Франция президенті Эмманюэль Макронмен кеңейтілген құрамдағы кездесуінде екіжақты байланыстардың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды Kazinform.
«Бүгінгі кездеу екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты жаңа белеске көтереді. Мен бұған кәміл сенемін. Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 млрд долларға жетті. Биыл сегіз ай ішінде екіжақты сауда-саттық көлемі былтырғымен салыстырғанда 21 пайызға артты. Яғни, 2,7 млрд долларға жетті», — деді Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция осыған дейін Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салғанын атап өтті.
«Бірлескен жобалар энергетика, бейбіт атом, тау-кен-химия өнеркәсібі, машинажасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш, фармацевтика және басқа да салаларды қамтиды. Бұдан бөлек тағы бірқатар маңызды жобалар қолға алынбақ. Бұл жобалар бүгін өтетін қазақ-француз бизнес форумында жан-жақты талқыланады», — деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түскенін еске салды.
«Макрон мырза, осының бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында жүзеге асып жатыр. Мен сіздің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосып отырған өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерімді салып, өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайын екенімді тағы да атап өткім келеді», — деді Қ.Тоқаев.