МӘМС төлемейтіндерге дәрігерге жазылуға, белгілі бір медициналық анықталамаларды алуға шектеулер болуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенаттың жалпы отырысының кулуарында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер вице-министрден МӘМС төлемейтіндерге қандай шектеулер енгізу жоспарланып отырғанын сұрады.
«Бұл — мемлекеттік органдар мен қоғам, депутаттармен бірлесе талқылайтын ұсыныс. Ұсыныс халықаралық тәжірибе негізінде жасалды. Германия, Нидерланды және Ресейде сәйкес шектеулер бар. Азаматтардың айыппұл төлеуі сынды жауапкершілігі де қарастырылған. Егер адам сақтандырылмаса, бірқатар қызметті ала алмауы мүмкін. Оның ішінде мемлекеттік қызмет те бар. Егер адамдар сақтандыру жүйесіне қосылмаса, әлем елдерінде қандай да бір қызметтерді алуға шектеу жасау тәжірибесі бар. Соның арасында жүргізуші куәлігіне қатысты мемлекеттік қызметтерді алмайды. Бізде көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау сынды бағыттарда осындай шектеулер талқыланып жатыр. Яғни денсаулық саласы бойынша тікелей мемлекеттік қызметтер ескерілген», — деп атап өтті бірінші вице-министр.
Белгілі болғандай, бұл ұсыныстар әлі де пысықталып жатыр.
«Түрлі медициналық қызметтер бар, оның ішінде дәрігерге жазылу, белгілі бір медициналық анықталамаларды алуға шектеулер болуы мүмкін. Жалпы, осы салада бірқатар анықталамалар беріледі. Талқылау нәтижесі бойынша олар жайында қосымша хабарлап айтамыз», — деді Тимур Сұлтанғазиев.