Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамыту керек екенін үнемі айтып келеді. Өйткені, бұл, ең алдымен, халықты тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық санын азайтуға септігін тигізетіні анық. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан қабылданған шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары да аз емес. Десек те, бизнес жүргізу — тәуекелшілдердің үлесі. Бірі аз қаржыны ұқсатып, кәсібін дөңгелетіп кетсе, енді бірі қолында қаражаты бола тұра дұрыс жоспарлай алмай жүр.
Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған 12 108 отбасына, яғни 61 605 адамға тағайындалған. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Бүгінде кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды, яғни орта есеппен 32 716 теңге болып белгіленген.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шымкент қаласында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 447 грант және Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға жеңілдікті шарттармен 261 микрокредит беру көзделген. Бүгінде 452 грант және 169 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда.
Республика бойынша жыл басынан бері қатысушыларға 9000 грант беру жоспарланып, 9102 грант берілді. Шымкент қаласында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 452 грант берілді, оның ішінде: 42 – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 89 – мүгедектігі бар адамдар, 212 – көпбалалы отбасылар, 73 – мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар, 36 – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар алды.
Сонымен қатар, осы жылдың басынан бастап жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредит беру құралы іске қосылды. Республика бойынша 5,8 мың микрокредит беру көзделген, осы мақсаттарға 28,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.
ҚР Президентінің тапсырмасына орай биыл 21-35 жас аралығындағы 261 азаматқа жеңілдетілген 2,5 пайыздық шағын несие беру жоспарланған. Бүгінге дейін 379 үміткер бизнес жобасын таныстырып, оның 209-ы комиссияның оң қорытындысына қол жеткізген. Нәтижесінде 145 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап үлгерген.
2000 символ