Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі биылдың 10 айында 8 рет тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, халықпен кездесулер өткізген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Абай ауданы әкімі Бұқарбай Парманов айтты.
Мемлекет басышысының 2022 жылғы №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі жаңа форматта өтуде.
Абай ауданының әкімі 2023 жылдың 10 айында 8 рет тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап халыпен кездесулер өткізді. Бүгінде есеп берудің жаңа әдісі өзінің қажеттілігі мен тиімділігін көрсетіп отыр.
Жалпы кездесулерде аудан тұрғындарынан 205 ұсыныс-пікір түсті. Бүгінде 80 мәселе қаралып, шешімін тапса, 65 сұрақ бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал, 60 мәселені шешу 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасы аясында мобильді интернет желісімен қамту үлесін жоғарылату үшін 2023 жылы 9 елді мекенге базалық станция орнату жұмыстары жүргізілсе, 2024 жылы 4 елді мекенге базалық станция орнату жұмыстары жоспарлануда.
Сонымен қатар, аталған Жоба аясында 2023 жылы Абай ауданына қарасты 6 елді мекенге талшықты оптикалық интернет желісін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Талшықты оптикалық интернет желісін 2024 жылы 3 елді мекенге, 2025 жылы 6 елді мекенге жүргізу жоспарлануда.
–Биыл Қызылжар, Нұршуақ, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Асар-2 және Самал – 2 шағынаудандарына талшықты оптикалық интернет желісі тартылды. 2024 жылы Алтынтөбе, Көкбұлақ және Игілік тұрғын алаптарына, 2025 жылы Жайлау, Жиделі, Жаңа Тұралан, Тұрлан, Қатын көпір шағынаудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабына оптикалық желі жүргізіледі. Нәтижесінде, ауданда талшықты оптикалық желімен қамту деңгейі 95 пайыз болады, – деді Абай ауданының әкімі.
Абай ауданында жауын-шашын маусымында су басу қаупі бар 18 орын анықталып, 2022-2025 жылдарға ирригациялық жүйе салу жоспары бекітілген. Алғашқы кезеңде 5 орында ұзындығы 1,7 шақырым болған арық салынса, екінші кезең үшін 9 орынға ирригациялық жүйе салуға қаржы қаралып, мердігер тарапынан жұмыстар басталып кеткен. Ауданда 1274 көшенің 185-інде 144,2 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйесі бар. Былтыр жауын-шашын кезінде көлшік су жиналмауы үшін 11,4 шақырымды 21 көшеге арық салынған. Ал, биыл 5,5 шақырымды 14 көшеге суағар салу жоспарланып отыр.
2000 символ