Шымкент қаласы Абай ауданындағы 1080,1 шақырымды құрайтын 1274 көшенің 573 шақырымы (54,1%) – асфальт жол, 450,2 шақырымы (41,6%) – тас жол, 57 шақырым болған (4,3%) 56-сы – топырақ жол. Мегаполис мәртебесіне тас пен топырақ жолдар сай келмесі анық. Жылдан-жылға халық саны артып, бұрынғы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңақұрылыс аймақтардың ашылуы осындай жағдайға әкеліп отыр. Аудан әкімі мұндай мәселені шешудің жолын былай деп атап өтті.
–Биыл 3,1 млрд теңге қаржыға 68,2 шақырымды құрайтын 57 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болатын. Қазіргі сәтте 51 көшеге асфальт төселді. Ал, топырақ жолдың мәселесіне келсек, биылғы жылдың алғашқы кезеңінде бюджеттен 102,1 млн теңге бөлініп, Алтынтөбе, Достық, Нұршуақ, Батыс және Қызылжар шағынаударындағы 21 көшеге шағал тас төселді. Екінші кезеңде 82,5 млн теңгеге 5 елді мекендегі 20 көшеге тас төсеу жұмысы атқарылады. Олар – Ынтымақ, Достық, Асар-2, Бозарық шағынаудандары мен Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы. Келер 2024 жылы қалған 32,7 шақырым жолға толық тас төселіп, топырақ жолдың мәселесі шешіледі, – деп түсіндірді.
Аудандарды гүлдендіруге, абаттандыруға, балалардың ойын және спорт алаңшаларын орнатуға, шағын демалыс орындарын құруға «Халық қатысатын бюджет» жобасы – таптырмас мүмкіндік. Әр тұрғын өзі тұратын аула немесе көшені дамытатын, қолайлы орта жасақтайтын жобасын әкімдікке ұсына алады. Абай ауданының тұрғындары 23 жоба ұсынып, мұны жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан 497,5 млн теңге қаражат қарастырылыпты.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе елді мекенінде – 15 балалар ойын алаңшасы, Асар, Достық, Қайнарбұлақта – 3 спорт алаңы, Қайнарбұлақ, Ақжайық, Самал-3 шағынауданында 5 көшеге ирригациялық арықтың құрылысы басталды. Келесі жылға тұрғындардың ұсынысы бойынша тағы 26 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз, – дейді Б.Парманов.
Абай ауданында жауын-шашын маусымында су басу қаупі бар 18 орын анықталып, 2022-2025 жылдарға ирригациялық жүйе салу жоспары бекітілген. Алғашқы кезеңде 5 орында ұзындығы 1,7 шақырым болған арық салынса, екінші кезең үшін 9 орынға ирригациялық жүйе салуға қаржы қаралып, мердігер тарапынан жұмыстар басталып кеткен. Ауданда 1274 көшенің 185-інде 144,2 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйесі бар. Былтыр жауын-шашын кезінде көлшік су жиналмауы үшін 11,4 шақырымды 21 көшеге арық салынған. Ал, биыл 5,5 шақырымды 14 көшеге суағар салу жоспарланып отыр.