15 қарашада ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстандықтарды Газа секторынан эвакуациялау туралы мәлімет берді.
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, бүгін, 15 қарашада эвакуацияның бірінші кезеңі жүзеге асып, нәтижесінде «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына 92 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті.
«Қазақстан дипломаттары отандастарымызға барлық қажет консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді», — делінген Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.
ҚР азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар министрлік азаматтарымыз Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін ҚР үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайтынын мәлімдеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі:
«Осы орайда Қазақстан дипломаттары Израиль, Мысыр, Палестина ұлттық әкімшілігінің құзыретті органдарымен және басқа да халықаралық ұйымдармен қалған отандастарымызды анклавтан эвакуациялау бойынша жұмысты жалғастырады. Біздің барлық азаматымыз Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін ҚР үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайды».