Қазіргі заманның жаһандық мәселесіне назар аудару және тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында есірткі заттарын пайдалануға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мамандандырылған колледж бен Инновациялық-технологиялық колледж жастары арасында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог дәрігері Перизат Ермаханова, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының маманы Жүргенбаева Назира, Шымкент қаласы №3 спорт шеберлігі мектебінің Пенчак Силак спорт түрінің жаттықтырушысы Садыков Бахтияр, Шымкент қаласы №3 спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, Азия чемпионы және Әлем чемпионының жүлдегері Иманов Азизбек қатысты.
Жиын барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. ЖИТС-тің адам өміріне тигізер кері әсерлері мен одан сақтану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бүгінде әлемнің 15-64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам тұрғыны есірткіні тұрақты қолданушы есебінде тізімге алынған екен. Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы әйел, ал 430-ы буыны қатпаған жасөспірім екен. Халқының саны 20 миллионға да жетпеген біздің ел үшін бұл — жан түршігерлік мәлімет.
— Есірткі саудалаушылар қызметін ғаламторда сайт ашу арқылы жүзеге асырады. Оны бақылауда ұстау біраз қиындық туғызып отыр. Себебі, бір сайтты тауып, бұғаттасаң, орнына жаңадан екеуі пайда болады. Есірткі заттарын жарнамалағаны және насихаттағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бап, 1-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы полиция қызметкерлері Шымкентте ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына граффити суреттер түрінде салынған 800-ден астам жазбаны анықтап, жойған болатын. Аталған іс бойынша 9 қылмыстық іс тіркелді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері синтетикалық есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 68 қылмысты анықтап, 61 адамды құрықтады. Ал, 1000-нан аса сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар бұғатталды. Ал, жалпы есірткі айналымына байланысты 400-ден аса құқық бұзушылық анықталды, — дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Бауыржан Қанатұлы.
2000 символ