Шымкент қаласы Абай ауданы жастар ресурстық орталығы №26 Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында «Бүгінгі жас – ертеңгі ел мақтанышы» тақырыбында түрлі сала мамандарының қатысуымен кездесу ұйымдастырды.
Жастарға мамандық таңдау мен дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында өткен жиынға Тұран ауданы әкімдігінің маманы Сахов Мадияр, теолог Беккудов Серік, Шымкент қаласы психикалық ауруханасының наркологы Раушан Асановна және Тұран ауданының учаскелік полиция инспекторы Иляс Серікболсын қатысты.
-Біз – Тәуелсіз елдің саналы ұрпағымыз. Кешегі тарих — бүгінгі жастарға үлкен аманат. Себебі, бұл жолда ел мүддесі үшін жасалынған қаншама тер мен еңбек жатыр. Өздеріңізді жат дүниелерден аулақ ұстап, дұрыс білім мен тәрбие алуларыңыз керек, — деді аудан әкімдігінің маманы.
Сондай-ақ спикерлер жиын барысында өздері қызмет атқаратын сала бағыттарында бірқатар ақпараттармен бөлісті.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №7 Қ.Сыпатаева атындағы мектеп-лицейінде «Құмарлықсыз — қоғам» тақырыбында кездесу өтті. Мақсаты — лудомания және есірткіге тәуелділіктің алдын алу бойынша жастарға кеңінен ақпарат беру және еңбек пен спортқа баулу.
Іс-шараға тәжірибелі психолог, гештальт-терапевт Салтанат Асанова, жекпе-жектен Қазақстан чемпионы Мамедов Самат, кәсіби күресші Бақдәулет Қорғанбай мен ММА Азия чемпионы Әлібек Сейдазым қатысты.
-Болашақ – мына сіздердей жалынды жастардың қолында. Өздеріңізге артылған сенімді ақтау үшін білім алып, бәсекеге қабілетті бола білу қажет. Қазіргі заманда уақытты құмар ойындарына арнайтын емес, білім мен өз-өздеріңізді дамытуға арнайтын кезең, — деп сөзін түйіндеді психолог Салтанат Асанова.
Кездесу соңында жастар спикерлермен еркін пікір алмасты.
1523 символ