Бүгінде Шымкент қаласы Ғ. Иляев көшесіндегі № 113/5 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге нысанға арнайы барып, құрылыс барысын қадағалады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айында тұрғындар келісімімен қайтарымды қаржы негізінде басталған болатын. Қазіргі таңда үйдің қасбетін толығымен жаңарту жұмыстары жалғасуда. Осыған дейін күрделі жөндеу жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Өндірістік кестеге сәйкес қараша айының соңында жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Қала әкімі тұрғын үй, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының басшыларына үйдің сырт келбетін жөндеу барысындағы кемшіліктерді ретке келтіру бойынша тапсырмалар берді. Сондай-ақ балалар, спорт алаңшаларын салуға жер телімдерін қарастырып, ирригациялық жүйелерді орнатуды жүктеді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегі 144 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. Оның ішінде 56 пәтер көпбалалы отбасыларға, 41 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 47 пәтер табысталып, бүгінде келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа баспаналар Тұран шағын ауданында орналасқан.
Айта кетейік, жыл басынан бері қалада мемлекеттік бағдарлама аясында 324 пәтер арендалық бағытта кезегі келген әр түрлі санаттағы азаматтарға берілген болатын.
Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған «Жастар» бағдарламасы бойынша 888 азаматқа пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.
1531 символ