Бүгін Шымкент қалалық орыс драма театрында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерінің қатысуымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» драмасы сахналанды. Қойылым қалалық дін істері басқармасының тапсырысымен теріс діни ағымдардың зардабын түсіндіру және діни иммунитетті қалыптастыру мақсатында «Қазақ шыңы» қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Спектакльдің қоюшы режиссері М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың оқытушысы Айна Емқұлова діни тақырыптағы қойылымды сахналап, көрерменге жеткізу үшін көп ізденістің қажет болғанын алға тартты.
Қойылым қарапайым қазақы отбасының ынтымағы жарасқан күндердің көрінісінен басталады. Жандары жайдары, көңілдері тоқ үй иелерінің тыныштығын үстіне тұтастай қара киініп келген сол үйдің қаракөз қызы Гүлнұр мен қысқа балақ, қауға сақал қос жігіт бұзды. Перзенттерінің суық түсінен әкесі Кәрім де қорқып кетті. Осы сәттен бастап отбасы мүшелерінің арасында діни көзқарастың қайшылығынан айтыс-тартыстар басталады. Қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүр, әдеп-ғұрпын жоққа шығарды. Кәрімнің 12 жасар қызын да тұтастай қара киіндіріп, өздерімен жиһадқа алып кетеді. Ата-анасына қарсы келіп, бауырларын соңынан ерткен бас кейіпкер қателігін кеш түсінді. Діни сауаттың төмендігі бір отбасын ойран етті…
Қойылымның дайындығына екі айдай уақыт кеткен. Оған 20-дан астам студент қатысып, өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдады. Актерлік шеберлігімен қоғамдағы өзекті проблеманы жеткізе білген шығармашылық топ көрермен қошеметіне бөленді. Алдағы уақытта қойылым қаладағы оқу орындарында да сахналанады.
Айта кетсек, Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің жастары арасында «Деструктивті діни ағымдардың кері ықпалы» тақырыбында кездесу өтті. Оған Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Тілләбек Саян қатысты. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Жиынның мақсаты — жастарды деструктивті діни идеологияның ықпалынан сақтау, дін мен дәстүрімізді жаңғырту болып табылады.
— Дәстүрлі дінге жат ағымдардың ұстанымдары жөнінде әлемдік ақпарат көздерінде кеңінен насихатталып келеді. Дегенмен, жат ағымның жетегіне кетіп, бармақ шайнап жатқандар да баршылық. Өздеріңізбен жүздесудегі басты мақсатта осы. Дінге қатысты қандайда сұрақтар болса, қашанда жауап беруге дайынбыз, — деді теолог маман.
2000 символ