Алматыдағы Жангелдин көшесінде мектеп автобусы мен жеңіл көлік соқтығысты, зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға орнынан түсірілген видео Telegram-дағы Kris_p_almaty арнасында жарияланды. Видеодан жеңіл көлік пен сары автобустың соқтығысқанын көруге болады. Екі көліктің де алдыңғы жағы бүлінген. Алматы ПД мәліметінше, жол апаты 5 желтоқсанда Жетісу ауданындағы Жангелдин көшесінде болған. «Toyota көлігі мен автобус соқтығысты. Жол апаты салдарынан ешкім зардап шекпеді», — деді қалалық ПД баспасөз қызметінің өкілдері. Жол апаты фактісін Жетісу ауданының полиция қызметкерлері тіркеген.