Атырауда күзетші болып жұмыс істейтін күдіктінің есірткі тасымалдағаны анықталып отыр. Күдікті өткен айда Жайық өзенінің жағалауынан ұсталған.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, күдіктінің жасы – 41-де.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары кезінде Атырау қаласының аумағында есірткі заттарын жасырын тығу әдісімен сақтау күдігіне ілінген 1982 жылғы ер адамды анықтаған еді. Жайық өзенінің жағалауында ұсталған күдіктіні тексеру кезінде сырт киімінен, тұрғылықты мекен-жайынан қара изолентке оралған 15, жасыруға дайындалған 4 орама есірткі табылып, тәркіленді. Күдіктіден тәркіленген заттарға сараптама жасалды. Сараптама қорытындысымен 80-нен астам доза болатын 25,10 грамм мефедрон синтетикалық есірткісі екені дәлелденді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Күдікті Атырау қаласындағы мекемелердің бірінде күзетші болып жұмыс істеген. Жұмыстан бос кезінде синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы пайда таппақ болған.
«Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-бөлігінің 3)тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.