Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы мектепте сотталған бірнеше адам жұмыс істеген.
Самар ауданының прокуратурасы мектепте Еңбек кодексі бұзылғандығын анықтады. Бұрын сотты болған адамдар заңсыз жұмысқа алынған.
«Атап айтқанда, бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған мұғалім мен 2 күзетші білім ордасында жұмыс істеді. Бұл Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағы 3-тармақшасының талаптарына қайшы», — деп хабарлады ШҚО Прокуратурасынан.
Сондай-ақ психиатриялық бұзылуларға байланысты «Д» есебінде тұрған 1 адам көмекші персонал болып еңбек еткен.
«Прокуратура шаралары бойынша білім беру ұйымында жұмыс істеуіне жол берілмейтін адамдармен еңбек шарттары бұзылды. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — делінген ақпаратта.
Мектеп директорына 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.