Соққыға жығылған қарағандылық жедел жәрдем жүргізушісі мұрнына екінші рет операция жасалатыны туралы айтты, деп хабарлайды 24kz.
Төреғали Берікқалиұлы «Арнайы жоба» бағдарламасына қазіргі жағдайын айтып, сұхбат берген.
«Денсаулық жақсарып келе жатыр. Жақында мұрынға операция жасаған. Тағы екінші рет операция болады деді таяуда. Қалғаны бәрі жақсы, жарақаттарым қайтып келе жатыр», — дейді жәбірленуші.
Жедел жәрдем жүргізушісі бәрі аяқ астынан болғанын айтады, жанжал төбелеске ұласып кетеді деп ойламаған.
«Ударды алатынды алдық. Енді шыны керек. Ол жерде төбелес болады деп ойлаған жоқпын. Фельдшер машинадан атып шығып түсіріп алды. Сол жақ көзім ісіп кетті, басым ауырды. Сол сәтте бір жастағы баласымен науқас көлікке келіп отырды. Рөлге отыра алмайтынымды айттым», — дейді Төреғали Берікқалиұлы.
Қарағанды облыстық ауруханасының оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Күлмағамбетов науқастың ауруханаға қандай хәлде түскенін айтты.
«Өте ауыр жағдайда келді. Көп соққы алған. Мұрын сүйегі бөлшектеніп, уақталып, сынып кеткен. Қатты соққыдан мұрнынан қан кеткен. Сол бірінші күні түскен бетте жағдайы ауыр болуына байланысты, бірден операция жасай алмадық, 1-2 күннен кейін мұрнындағы сынған сүйектерін түгел орнына жинадым», — дейді дәрігер.