Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Салтанаттың өліміне себеп болған бас жарақаттарын тізбектеп берді.
Ол марқұмның бет-жүзінде болған жарақаттарды манекенге салып көрсетті. Сарапшы бұл жарақаттар өзге адамның қолынан пайда болғанын айтты.
– Есі сау адам өздігінен мұндай жарақат алмайды. Биіктен құласа бір жөн, жерде тұрған адам басын жерге соғып, мұндай зақым ала алмайды, — деді ол.
Сарапшы Нүкенованың мойнында қылғындыру белгілері бар болғанын атап өтті.
«Оны соққылардан кейін қылқындырған ба?» — деп сұрады судья Айжан Көлбаева.
Халимназаров «иә» деп жауап берді.