Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты тікелей эфирде жалғасып жатыр. Бүгін сот отырысында оның қорғаушылары Бишімбаевтан алынған биологиялық материалдардың талдауын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
Сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова химиялық-токсологиялық талдаудың хаттамасын оқып, «қылмыс күні Бишімбаев ішімдік ішпегені анықталды» деді.
«Химия-токсологиялық талдаудың хаттамасы 2024 жылды 27 қарашада жазылған. Бірақ, ондағы биологиялық материал 2023 жылы 8-9 қарашада алынған», — деді сотта Рамазанова.
Алайда, құжаттармен танысқан судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың биологиялық материалдары қылмыс күні емес, 2023 жылдың 16-17 қараша күні алынғанын анықтады.
«Алқабилер, мына жағдайға назар аудартқым келеді. Адвокаттар химиялық-токсологиялық сараптама бойынша сіздерге жалған ақпарат берді. Бишімбаевтың биологоиялық материалдары қорғаушы айтқандай 8-9 қарашада емес, 16-17 қараша алынған. Сот пен алқабилерге жалған ақпарат бергеніңіз үшін ескерту жасалады», — деді судья Айжан Құлбаева.
Яғни, Бишімбаевтың адвокаттары Бишімбаевтан 16-17 қараша күні биологиялық материал алып, оны қылмыс күні ішімдік ішпеген деп көрсеткісі келген.