Қазіргі таңда жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру өте өзекті мәселе. Жастар заңды біліп қана қоймай, өз құқығын да білуі керек. Сонымен қатар, қоғамда заңсыздықтарды болдырмаудың алдын алуға дағдыланғаны да жөн.
Осы мақсатта мақсатында Түркістан қаласындағы «Туризм және меймандостық университетінде» «Жас буын мен этнос жастары арасына құқықтық сауаттылықты насихаттау» тақырыбындағы тәрбие сабағы дөңгелек үстел отырысы форматында өткізілді.
Тәрбие сағатында осы университеттің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Досмағанбет Сейдікбайұлының модераторлық етуімен өтті.
Дөңгелек үстелге Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекетттік мекемесі басшысының орынбасары Ерназар Баетов,Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, «Ынтымақ» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Гүлмира Наурызбаева,Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету бөлімінің психолог маманы Жансая Өміртаева және Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы,»Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев қатысты.
-Құқықтық сауаттылық әр адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы. Сонымен тағы нені білуіміз керек дегенде, мыналарды ескерген жөн. Еліміздегі әр тұрғын тегін орта білім алуға, тегін медициналық тексерістерден өтуге құқылы. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жасаған дүниесі, — деді психолог Ж.Өміртаева.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жиынға қатысушылар жастармен құқықтық тақырыпта қызықты әңгіме өткізе отырып,өмірлік тәжірибелерімен бөліскен соң, жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптарын берді.