Соңғы жылдары жасөапірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, оның алдын алу жұмыстарына барынша назар аударылып отыр. Аудан, қалалардағы әсіресе, жастар орталықтары жергілікті полиция өкілдерімен тұрақты рейдтер жүргізіп, құқықбұзушылық орын алса, жасөспірімге жауапты тұлғаның әкімшілік жазаға тартылатыны туралы ақпараттар ұдайы беріліп отырды. Атап айтқанда, Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері өңірдегі жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеген. Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бегімхан Ахметов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Жыл басынан бері жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 198 кәмелетке толмаған және тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4 358 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 104 мекеме иесіне хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 427 кәмелетке толмаған жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 268 отбасы полицияның есебіне алынды»- деді спикер.
Сонымен қатар, Бегімхан Төреханұлы ата-аналарды балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге шақырды. Оларды түрлі үйірмелер мен жазғы сауықтыру лагерьлеріне жіберуге кеңес берді.