Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне белсенді мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Мониторинг барысында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерде, нормативтік-құқықтық актілерде, сондай-ақ, қолданыстағы ақпараттық жүйелерде құқыққа қайшы әрекеттер жасауға қолайлы жағдай жасайтын кемшіліктер анықталды.
Қызметтер мен процесстерді цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының кейбір қызметкерлері заңсыз материалдық пайда табу мақсатында үшінші тұлғалармен қылмыстық сөз байласуды жалғастырып, оларға азаматтардың мәселелерін шешуде заңсыз жәрдем көрсетуде.
Ағымдағы жылы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы №1 мамандандырылған бөлімі басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық істі тергеп тексерді.
Аталған шенеунік құжаттарды кедергісіз қабылдау және жүргізуші куәліктерін алу үшін автомектеп курсанттарын емтихан тапсыруға жіберу сылтауымен жергілікті кәсіпкерден 930 мың теңге сомасында алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденді деп күдіктелді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында орталық мемлекеттік органдардың («Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі) атына қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде ұсыным енгізді.
Ұсынымның нәтижесінде, Орталықтардың ақпараттық жүйесі «Автомектеп» пысықталған автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. Бұл енгізілген өзгеріс қағаз тасығыштарды пайдалану және жүргізу курстарын аяқтау туралы сертификаттарды қолдан жасау фактілерінің алдын алуға бағытталған.
Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігінің амбулаториялық-емханалық көмек ақпараттық жүйесімен интеграциялау арқылы ХҚКО ИАЖ 2.0. Мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесінде электрондық форматта 073/Е нысанындағы медициналық анықтамаларды қабылдаудың техникалық мүмкіндігі іске асырылды.
Коммерциялық емес акционерлік қоғам филиалдарында «көмекшілердің» бар болуына байланысты, бейресми байланыс құрғаны және азаматтарға заңсыз ақылы делдалдық қызметтер көрсететін адамдарға жәрдемдескені үшін КЕАҚ қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарына дербес жауапкершілік жүктеу бойынша өзгерістер енгізу ұсынылды.
Көрсетілген шектеулер тікелей мемлекеттік қызметтер көрсететін, не жеке және заңды тұлғалардың дербес деректеріне және/немесе қолжетімділігі шектелген өзге де ақпаратқа қолжетімділігі бар қызметкерлерге де қолданылуы тиіс.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызмет көрсететін және дербес деректерге қол жеткізе алатын Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілетінін және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері болып табылатынын атап өткен жөн.
Іс-шара қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдардың өкілдері ақпараттық жүйелерді интеграциялау және мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіру бойынша енгізілген өзгерістер осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.