«Жайлы» мектептің құрылысымен танысқан әкім мердігер ұйымға жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды міндеттеді.
Шымкент қаласының әкімі жыл басынан бері бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен арнайы кездесіп жүр. Кезекті тұрғындармен кездесу — «Бозарық» шағынауданында жалғасын тапты. Онда елдімекеннің орналасу жоспарына өзгерістер енгізу, шалғай көшелерге табиғи газ бен кәріз жүйесін жүргізу мәселелері талқыланды.
Әкім Абай ауданындағы «Қамқорлық» №8 балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барды. Орталықтың жағдайын тексеріп, қызмет алатын балалардың ата-аналары үшін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. «Нұршуақ» шағынауданындағы «жайлы» мектептің құрылысымен танысқан әкім мердігер ұйымға жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды міндеттеді.
Сондай-ақ, «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы көкөніс пен жемістерді өңдеп, консерві шығаратын кәсіпорынға барып, тауарларды сатуға қолдау көрсету қажеттігін айтты. Ал «Қызылжар» шағынауданының тұрғындары әкімге табиғи газ, ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Инфрақұрылымдық жұмыстарды жеделдету тапсырылды. Аралау барысында әкім «Ақтас» шағынауданындағы қаңғыбас жануарларға арналған орталықты тексеріп, жануарларды ұстау ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
Ғабит Сыздықбеков «Amanat» партиясы филиалында азаматтарды қабылдап, тұрғын үй, жер қатынастары, кәсіпкерлік және көлік инфрақұрылымы салаларындағы мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ тұрғындар қалада су құбырларының өткізгіштігін арттыру үшін автоматты тазарту станциясын орнату туралы ұсыныстарын да жеткізді. Мегаполис басшысы әріптестерімен бірге қала әкімдігінде 120-дан астам азаматты қабылдады. Тұрғындар білім беру, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ерекше балаларға арналған мектеп салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жобаларын таныстырды. Жалпы, қала әкімі мен орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындардың өтініштерін тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізген Ғ.Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
2000 символ