Жамбыл облысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының 526-шы шақырымында үш көлік соқтығысып, қорқынышты апаттан жеті адам мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жол апаты 16 қыркүйек күні сағат 18:30-да болған.
«Cadillac Escalade» маркалы көліктің жүргізушісі алдыңғы көлікті басып озып, қарсы бағытқа шығып, қарсы бағыттағы «DAF» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. «Cadillac Escaladе» көлігі содан кейін «Газель» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Екі көлік те оқиға орнында өртеніп кетті», — деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
«Газель» көлігін жүргізіп келе жатқан 37 жастағы жүргізуші, қарсы бетке шығып, апат тудырған «Cadillac Escalade» көлігінің 30 жастағы жүргізушісі мен осы көліктің ішіндегі бес жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қаза тапқандардың ең кішісі – небары екі жастағы сәби.