Жазғы каникулдың басталуымен елде балалар үшін сауықтыру, демалыс және еңбек ету жағдайларын ұйымдастыру науқаны басталды. Оның аясында 3,2 миллионнан астам баланы қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Жазғы демалыспен әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңнан астам бала қамтылады. «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Жаздық жолдама» жобасы аясында ауылдық жерлерден шыққан республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарына 10 мың жолдама қарастырылған.
Осы жазда еліміз бойынша 10 мыңнан астам лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 17 жыл бойы жұмыс істейтін, 198 маусымдық сауықтыру орталықтары және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерьлер бар. Балалардың демалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында сауықтыру нысандарына қойылатын талаптар алгоритмі әзірленіп, енгізілді. Бұл алгоритмде санитарлық-гигиеналық нормалар мен қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын кезең-кезеңімен қамтамасыз ету шаралары көзделген.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктерінің тұрақты бақылауында. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штаб және өңірлерде жергілікті штабтар жұмыс істейді.
Санитарлық нормалар, тамақ қауіпсіздігі талаптары, сондай-ақ су айдындарында, орман алқаптарында және спорт нысандарындағы жүріс-тұрыс ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Сауықтыру орталықтарының бірыңғай тізілімі құрылды. Жазғы каникул кезеңінде еліміз бойынша 20 жедел желі мен колл-орталық жұмыс істейтін болады. Оған балалар лагерьлерін ұйымдастыру мен жұмысындағы бұзушылықтар анықталған жағдайда ауызша немесе жазбаша түрде өтініштер мен шағымдар жолдауға болады.
Түркістан облысы алғашқылардығ бірі болып жазғы сауықтыру маусымы аясында лагерьлерде бірінші ауысымға оқушыларды қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте “Болашақ”, “Тау шыңы”, “Үркер” жазғы сауықтыру лагерлерінде мыңнан астам бала бірінші ауысымға қабылданып, сауықтырылуда.
Оның ішінде, облыстық бюджеттен Сайрам ауданындағы “Болашақ” лагеріне жергілікті 314 бала тынығып жатыр. Ал Бәйдібек ауданындағы “Тау шыңы” лагерінде 120 бала алғашқы ауысыммен демалуда. Кентау қаласындағы “Үркер” лагерінде Арыс қаласынан 300 бала, Ордабасы ауданынан 300 бала жазғы сауықтырудан өтуде. Басқа сауықтыруға арналған балалар лагерлері кезең-кезеңімен демалыс маусымды бастап, балаларды кестеге сәйкес қабылдайды.
Бірінші ауысым 2 маусымнан 12 маусымға дейін жалғасады. Жалпы оқушылар 7 ауысым бойынша 10 күннен демалады.
Айта кетерлігі, Түркістан облысында биыл алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік лагерлерде 7500-ден астам қосымша орын ашылды.
Бюджет есебінен 10 мемлекеттік, 21 жекеменшік лагерьде 41 мыңнан астам бала демалса, қалған 400 мыңға жуық оқушы жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Биыл жекеменшік лагерлерде жазғы демалыспен қамту үшін 8 ауданнан 11 500 балаға бөлінген қаржы мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланып, жеңімпаздары анықталды. Жалпы өңірдегі 10 мемлекеттік және келісімшарт түзілген жеке меншік лагерлерде 35338 бала демалады.
Биыл облыс аумағында жалпы саны 32 (11 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) балаларды сауықтыру лагері жаз маусымында балалардың демалысын ұйымдастырады. Онда балалардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптар қатаң бақылауда. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.
«2025 жылдың жазғы маусымында өңірдегі 41 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру-лагерлерімен қамтылады. Облыс бойынша жаз мезгілінде мемлекеттік лагерлерде 7 ауысымда 16 718 баланы қамту жоспарлануда. Биылғы жылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылып, 7500-ден астам қосымша орын ашуға жағдай жасалуда. Ал, 21 жекеменшік лагердің әрбірі бір ауысымда 5 400 баланы қабылдауға дайын»-деді спикер. Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары тамақтан улану жағдайлары бойынша облыс аумағындағы ахуалды баяндады.
«Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану саласы бойынша 3 883 кәсіпкерлік нысанды бақылауға алған. Соңғы жылдары облыс көлемінде қоғамдық тамақтану орындарында жаппай тағамнан улану жағдайының тіркелуі жиілеген. Соңғы үш жылда Арыс, Кентау, Келес, Түркістан және Сайрам аудандарында 5 жағдай тіркеліп, 200-ден аса адам зардап шеккен. Биылғы жылдың наурыз айында Түркістан қаласында 68 адам тез дайындалатын фаст-фуд өнімдерінен уланған» — деді спикер.
4243