Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация мүшелері Қытай еліне жұмыс сапарын Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында жалғастырды. Сапар барысында сарымсақ өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшы саналатын «Wanglin Group» компаниясының басшысымен маңызды кездесулер өтіп, стратегиялық әріптестік туралы келіссөздер жүргізілді. Өңірдің аграрлық сектордағы инвестициялық жобаларын талқылауға басымдық берілді. Кездесу барысында сарымсақ өсіру және өңдеу бағытында бірлескен жобалар жүзеге асыру мәселесі көтерілді.
Халықаралық компания өз тәжірибелерімен бөлісіп, Түркістан облысының агроклиматтық жағдайын жоғары бағалады. Инвесторлар тарапынан өңірге нақты қаржы салу, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу және экспорттық логистиканы дамыту мәселесі талқыланды.
Кездесу нәтижесінде тараптар Түркістан облысында агроиндустриялық кластер құру, сарымсақ өсіру көлемін арттыру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар орнату және дайын өнімді шетелге экспорттау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Сапар аясында делегация компанияның өңдеу цехтары мен логистикалық инфрақұрылымымен танысып, сарымсақты терең өңдеу мен экспортқа бағытталған өндіріс алаңында болды. Дүние жүзіндегі сарымсақ бағасын реттеу орталығының жұмысымен танысты.
Қытайдың ең ірі сарымсақ өндірушілерінің тарихы тереңде. Компанияның сарымсақ өнімдерін қайта өңдеу, мұздату, кептіру, сақтау және әлемдік нарыққа шығару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Жалпы егістік көлемі – 500 мың га, жылына 8 млн тонна өнім сатуға шығарылады. Экспорт көлемі – $4 млрд. Сақтау қоймасы – 4,8 млн тонна. Сарымсақтан сан алуан түрлі дәрі-дәрмек, дәрумендер шығарады.
– Бүгінгі келіссөздер – Түркістан облысы үшін маңызды бетбұрыс. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Бұл бастамалар – Президентіміздің ауыл экономикасын көтеру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарына нақты пайда әкелетін, тұрақты табыс беретін жобаларды іске асыру. Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл – жұмыс орындарын көбейтуге, ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға сеп болады. Біз осыған бар күшімізді саламыз, – деп түйіндеді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Сапар аясында Түркістан облысының делегациясы қытайлық аграрлық технопарктердің жұмысымен танысып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика мен экспортқа шығару механизмдері бойынша тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ делегация сарымсақ саласына арналған мемлекеттік музейге барып, Қытайдың агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен, сарымсақ өсіру және өңдеу тарихымен танысты. Музей экспозициясында ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі технологиялар мен ғылыми жетістіктер ұсынылған.
Сондай-ақ, Облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компанияларының бірі – «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында өзара тиімді серіктестік орнады. Осы себепті Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа бірегей инвестициялық жоба іске асырыла бастайды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы ҚХР-дағы Линьи қаласына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысты. Қазіргі уақытта бұл зауыт «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығаруда. Енді осы технологиялар Түркістанда өндірілетін болады.
Капсулалы үй – бұл жаңа буындағы модульдік құрылыс үлгісі. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» жоғары санаттағы кемпингтерге, қонақүйлерге және глэмпингке арналған заманауи шешім ретінде әзірленген. Ол кемпер, мини-қонақүй және модульдік үйдің функцияларын біріктіреді. Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды.
– Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Осы арқылы өңірдің өндірістік, туристік, инфрақұрылымдық әлеуетін көтеруге күш саламых, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.