Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал және Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, аудандарда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады. Мердігер мекемелердің басшыларымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен Мақтаарал ауданында болып, Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын тексерді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделуде. 4 гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген, жол салынып, интернет желісі толық тартылған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Ауданға жұмыс сапары барысында аппарат басшысы Бірлік ауылдық округіне қарасты Еркінабад елді мекеніндегі 200 орынға арналған №113 мектептің құрылысымен танысты. Жоба құны – 1,2 миллиард теңге. Мектептің жалпы аумағы – 1844,34 шаршы метр, ал жер телімі – 1,7 гектар. Одан соң Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол елді мекеніндегі 200 орындық «Нұрлы жол» мектебінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Бұл мектептер шалғай елді мекендердегі оқушылардың білімге қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр және биыл пайдалануға тапсырылмақ. Қалған 3 мектеп осы жылы Облыстық білім басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы іске асырылады.
1500 орындық «Келешек мектеп» пен Жаңа буынды дамыту орталығының (оқушылар сарайының) құрылыс алаңдары да тексерілді. Білім ұясын биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде мектептің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Ал, ауданда алғаш бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталмақ. «Real Stroy Invest» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, мұнда оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін түрлі спорт және өнер, пәндік және балалардың ой-өрісін дамытатын логикалық үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Нысандарды аралап, мердігерлер мен жауапты сала басшыларымен кездескен Еркебұлан Дауылбаев жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды ескертіп, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда екенін айтты.
Сол сияқты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та Ордабасы ауданына іссапармен барып, екі мектептің құрылысын бақылады.
Түркістан облысында 2025-2027 жылдары аралығында 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Соның ішінде Ордабасы ауданында 5 мектепті реновация тізіміне енгізілген.
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. 1986 салынған нысанға бүгінге дейін жөндеу жұмыстары жасалмаған. Ғимарат 2 корпустан тұрады. 1600-ден астам оқушы білім алуда. Мердігер мекеме — «Ecosintez» ЖШС. Жөндеу жұмыстарына 307 млн 732 мың теңге қаржы қарастырылған.
Іссапар Шұбарсу ауылында орналасқан «Атамекен» жалпы білім беретін мектебінде жалғасты. Білім ошағы 2010 жылы қолданысқа берілген. Үш қабатты, бір корпусты мектеп 600 орынға арналған. Екі ауысыммен 950 бала оқуда. Жөндеу жүргізуге 185 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме — «Gold-ART» ЖШС.
Мектептердегі құрылысты аралап көрген Бейсенбай Дәулетұлы мердігер мекеме және жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді. Жаңа оқу жылының басталуына дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілуге тиіс. Жұмысшылар санын арттыру, сапаға мән беру міндеттелді.
Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде орналасқан “Шаян” мектеп-лицейінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған мектеп ғимараты 1976 салынған, 3 қабатты, 2 корпустан тұрады. Оқу орнында 700-ден астам оқушы білім алады. Қазіргі таңда мердігер мекеме — «КазСтройЭверест» ЖШС тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған мектептегі жөндеу жұмыстарының барысын аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев және аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев арнайы аралап, мердігер мекемелер мен жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жаңа оқу жылының басталуына дейін жөндеу жұмыстарының аяқталуын және жұмысшылар санын арттырып, сапаға мән беру керектігін тапсырды.

