2018 жылдың 19 маусымында ҚР Президентінің Түркістан облысын құру туралы Жарлығына қол қойылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Осы тарихи Жарлықтың шыққанына, яғни, Түркістан облысының құрылғанына биыл жеті жыл толып отыр. Осы қысқа уақытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Тарихи шаһарда жүздеген құрылыс нысандары бой көтеріп, Түркі әлемінің мәдени және туристік астанасы ретінде ажарлана түсті.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн. теңгеге жетті (2018 ж. 1,7 трлн.теңге).
Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есе артып, 1 214,0 млрд. теңгені құрады (2018 ж. 438,6 млрд. теңге).
Өнеркәсіптік алаңдарға тоқталсақ, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Облыста алғаш рет 100 га аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды.
Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 7 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 548,7 млрд.теңге). Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр.
Агроөнеркәсіп кешеніне 7 жылда жалпы 700 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Инвестиция тарту – экономиканың маңызды бағыты. Облыс экономикасына тартылған инвестиция 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд. теңгені құрады (2018 ж. 314,1 млрд.тг). Биыл жыл басынан тартылған инвестиция 387,8 млрд. теңгені құрады (оның ішінде 199,3 млрд. тг. – жеке инвестиция, 128,7 млрд.тг – бюджеттік инвестиция).
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд. 144,2 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (467 млн. АҚШ доллар) 245,0%-ға артығымен орындалды.
Туризм саласына 7 жылда жалпы 442,6 млрд. теңге инвестиция тартылды (жұмыс орындары 18,1 мың адам).
Түркістан қаласында 100 мың адамға лайықталған инфрақүрылым тартылып, тұрғын үйлер салынды. Әлеуметтік-спорттық-мәдени нысандар бой көтерді. Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы Заң қабылданды. Бүгінде Түркістан шаһары – Орталық Азиядағы ең сәулетті қалалардың біріне айналып келеді. Ал Түркістан облысында инфрақұрылым жақсарып, ауылдар даму үстінде. Түркістан өңірін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс жасайды. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Мәселен, Төлеби ауданында биыл қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға 13,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге өскен. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,4 млрд теңгеге жетті. Биыл өнеркәсіп саласына жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 180 жаңа жұмыс орнымен 4 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Төңкеріс елді мекеніндегі Балдыберек өзенінің жанында қуаттылығы 3,2 мВт/сағ құрайтын «Тауэнерго» ЖШС-ң шағын ГЭС құрылысы және Сарқырама елді мекені Ақсу өзенінің жанында қуаттылығы 2 мВт/сағ құрайтын «Jasyl Quat» ЖШС-ң шағын ГЭС құрылысы. Сондай-ақ, Леңгір қаласында жылына 90 мың қысқы арнайы жұмыс киімдерін дайындайтын «KAZPLAST» ЖШС-ң тігін фабрикасы мен «З-Энергетик СНГ» ЖШС-ң шағын ГЭС құрылысы».
Сонымен қатар, аймақта инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Шымкент қаласымен шекаралас орналасқан Киелітас ауылдық округіндегі 100 гектар жерге индустриялды аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарлануда. Өндірістік паркте жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру және 400 жаңа жұмыс орнын көзделген. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға» арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылдың 5 айында 2 476 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 676-сы тұрақты, 1800-і уақытша жұмыс орындары.
Иә, Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 млрд.теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 3916 жаңа жұмыс орны құрылады.
«ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны — 100 млрд. теңге. Зауыт 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді.

