«AMANAT» партиясының фракциясы VIII шақырылымның сессиясы аясында Президент Жолдаулары мен партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл туралы Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумында айтылды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаевтың айтуынша, фракция барлық заң жобасының 82 пайызынан астамына бастамашылық еткен. Тұрғындармен 4 мыңнан астам кездесу өткізгенін және азаматтардың өмірінде орын алған нақты өзгерістерге қол жеткізгенін атап өтті. Мәжіліс депутаттары 158 заң жобасын қарастырып, оның 89-на Мемлекет басшысы қол қойған.
Атап өтуіміз керек, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясы 62 заң жобасына бастамашылық еткен заң жобаларына 5322 түзету енгізген. Күн тәртібіндегі актуалды деген мәселелер бойынша 626 депутаттық сауал жолдап, қайталанған сапарларды қоса есептегенде 2099 елді мекенге шығып, тұрғындар көтерген проблемалық мәселелердің шешілуін депутаттық қадағалауға алған.
Облыстық мәслихат депутаттарының ауыл әкімдерімен ықпалдастығы мәселесін айтқан Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, өңіріміз үшін ауылдардың ахуалын түзеу – стратегиялық басымдық деп бағалады. Өйткені, Түркістан облысындағы 2,2 млн. халықтың 1,6 миллионы – ауыл тұрғындары екеніне назар аударып, жергілікті атқарушы билік жүйесінде ауыл әкімдерінің рөлі маңызды деді. Тұрғындардың табысын арттыруда инвестиция тартудың өзектілігіне тоқталды. Парламент, мәслихат, әкімдік және партия болып бірлесіп, ауыл әкімдіктерінің ғимарат мәселесін шешу, ауыл әкімдерін қызметтік көлікпен қамту, ауыл әкімдіктерінің қызметтік ресурсын нығайту, ауылдарда полиция тірек пункттарын ашу, ауылдарды көрікті мекенге айналдыруда арнайы техникалар бөлу мәселесінде жан-жақты ынтымақтастық керек деп байыптады.
Форум алаңында ауыл әкімдері үшін өзекті деген сауалдар бойынша облыстық басқармаларға, департаменттерге тікелей жүгінуге мүмкіндік жасалды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында ауыл әкімдеріне пайдалы көптеген ақпараттар айтылды. Ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және оларды жүзеге асыруда кездесіп жатқан өзекті мәселелер туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңатаров, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға септігі тиіп жатқан «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, бағдарламаға енгізілген жаңа талаптар жөнінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов ақпарат берді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында кезек күттірмейтін мәселелер бар екеніне баса мән беріліп, облыс тұрғындары үшін негізгі күнкөріс көзі болып табылатын саланың өзекті мәселелерін түбегейлі шешуде облыстық басқарма ауыл әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екені айтылды.
Ауылдардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, ауыз су, табиғи газ жүйелерінің тартылуы, электр қуатының сапалы болуы мәселелері Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның хабарламасында айтылса, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген «Жер аманаты» жобасының орындалуы, жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару бойынша қабылданған жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат ұсынды. Ал Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық төлемдерінің орындалуы бойынша ауыл әкімдерінің қызметтік функциясы жөнінде түсінік беріп, пайдалы мағлұматтар берді.
Ал Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесінің жетекшісі Бақытжан Серманизов Шардара су қоймасында су деңгейінің күрт түсіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл ахуал тұрғындар үшін қолайсыз боп жатқанын жеткізді. Экология, энергетика және халық тұтынатын ауыз суға тікелей қатысы бар бұл мәселені Парламент депутаттарынан Үкімет алдында көтеріп, орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы қарауды ұсынды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ашып берген алаңның практикалық тұрғыда пайдалы жиын болғанын Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылдық округінің әкімі Біржан Махсутов пен Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Аманатайұлы айтып, партияға ризашылықтарын білдірді. Партия атынан сайланған ауыл әкімдері Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, партиялық жобалардың жүзеге асуы туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Форум жұмысының қорындысымен мемлекетке адал еңбегі сіңген, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосқан және «AMANAT» партиясының стратегиялық бағытын қолдап, оның бағдарламалық міндеттері мен жобаларын іске асыруға табандылық танытқан бірқатар ауыл әкімдері Түркістан облыстық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.

