Саентологияның негізін қалаушы Рон Хаббардтың сөзі әлі де өзекті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев жаңадан ұйым құрып, өзін сол топтың рухани жетекшісі ретінде жариялады. Ол жайында қозғалыстың ресми сайтына (Spark of Light) сілтеме жасай отырып, Aggregator.kz хабарлады.
Жаңа жобаның парақшасында Нұрәлі Әлиевтің жұмысы «адамзат санасын 3d өлшемнен 5d өлшемге жаппай өтуге бағытталған» деп жазылған.
«Біз 2026-2027 жылдарды оқиғалар тізбегі бойынша емес, ішкі өзгерістер бойынша еске аламыз», — деді Нұрәлі Әлиев Дубайда жаңа жобасының тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде. «Бұл адамзаттың үрейден махаббатқа, бөлшектенуден бірігуге, азып-тозудан жасампаздыққа, ұмыт қалғаннан есте қалуға жасалатын үлкен қозғалысы. Өзгерістер тек өзгеруге дайын, сенім білдіруге дайын, сенуге дайын рухтарды таңдайды. Менің миссиям адамдарды асқақтату, олардың санасын асқақтатуға көмектесу. Шын жүрегімнен бүгін жай ғана топтың емес, жай ғана қауымдастықтың ғана емес, сананың тірі көкжиегінде, сіздермен бірге «Жарық Ұшқыны» ұшқын атқанын хабарлаймын».
Нұрәлі Әлиевтің «жаңа діні» буддизм мен кришнаизмнің элементтері және фантастикалық әлдебір ілімнен құралған, Оның әлеуметтік желідегі парақшасында Arcturian starseed – «арктуриан жұлдызды ұрпақ» деген жазу бар. Экзотериялық және уфологиялық әдебиеттерде жерден тыс, Арктур жұлдыз жүйесінде өмір сүреді деп саналатын, ойдан шығарылған адамдар нәсілін солай атайды. Оларды жоғары дамыған деп сипаттап, «жұлдызды ұрпақ» деп, терең білім мен «ежелгі ақыл-ойды» игерген адамдарды бейнелейді.
Естеріңізге сала кетсек, Нұрәлі Әлиев – Рахат Әлиев пен Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаевадан туған жиені. Былтыр Forbes журналы Нұрәлі Әлиевті Қазақстандағы ең бай 75 адамның қатарына қосып, 39-орыннан көрінген болатын.

