«АҚШ келіссөздерде ешқандай ізгі ниет танытқан жоқ, бірақ соған қарамастан Иран ақылға сай және әділ келіссөз процесін қолдайды. Иран келіссөздерге дайын, егер олар өзара мүдде, сыйластық пен сенімге негізделсе. Иран өзін, тұрақтылығын және аймақтық тұрақтылықты қорғауға бел буып отыр және сыртқы қысымға берілмейді», — деді Аракчи Стамбулдағы баспасөз мәслихатында, Түркия СІМ министрі Хакан Фиданмен кездесуінен кейін.
Министр АҚШ тарапынан Иранға жаңа әскери соққы жасалуы мүмкін деген хабарламаларға пікір білдірді.
«Маусым айында олар әскери соққы арқылы өз мақсаттарына жете алмады. Сол соғыста олар жеңіліске ұшырады. Енді қайтадан қорқытып, келіссөз жүргізгісі келетіндерін айтты. Шабуыл болған жағдайда олар сол нәтижеге кезігеді. АҚШ үкіметі әртүрлі делдалдар арқылы келіссөз сұрады. Иран келіссөз жүргізгісі келеді, бұл туралы біз бұрын да мәлімдегенбіз, бірақ келіссөздер қорқыту арқылы басталмайды, алдымен қорқытудан бас тарту қажет», — деді Иран СІМ басшысы.
Аракчиның айтуынша, Иран кез келген шабуылға маусымдағы соғысқа қарағанда көбірек дайындалған. Ол шабуыл болған жағдайда Иран «өте күшті қарсылық» көрсететінін жеткізді.
«АҚШ-тың соғысқа тікелей араласуы жағдайды өзгертеді. Бұл екіжақты соғыс шеңберінен шығу мүмкіндігін тудырады. Мен олардың мүмкіндігінше ақылға және логикаға сай әрекет ете бастайтынына үміттенемін. Аймақты соғысқа тартқысы келетіндер өз мақсаттарына жете алмайтынына сенемін», — деді министр.
Аракчи келіссөздер барысында тек ядролық мәселелер талқыланатынын, ал зымыран әлеуеті сияқты сұрақтар қарастырылмайтынын атап өтті.
«Иранның қорғаныс жүйелері ешқашан келіссөз тақырыбы болмайды. Ешбір мемлекет өзінің қорғанысын талқылауға салмайды. Біз еліміздің қорғаныс әлеуетін қорғаймыз және нығайтамыз», — деді министр.
Өткен жылы Иран мен АҚШ ядролық бағдарлама бойынша диалог жүргізген, бірақ Израильдің, кейін АҚШ-тың ел аумағындағы объектілерге соққысынан кейін маусым айында тоқтаған.
The New York Times мәліметі бойынша, Трамп Тегераннан ядролық бағдарламаны тоқтату бойынша қосымша қадамдар жасауын, оның ішінде уран байытудан толық бас тартуды және баллистикалық зымырандар жасауға шектеу қоюды талап етеді.
Газета хабарлағандай, келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда АҚШ ядролық және зымыран объектілерге соққы жасау, ел басшылығын әлсіретуге бағытталған операциялар жүргізу және АҚШ күштерінің Иран аумағына рейд жасау мүмкіндігін қарастырады. Дереккөздер Трамп әлі операцияны мақұлдамағанын және ұсынылған нұсқалар арасынан соңғы таңдау жасамағанын хабарлады.
