Египеттің жедел жәрдем көліктері мен медициналық бригадалары «Рафах» шекара өткеліне жеткізіліп, бекет ашылған жағдайда Газада гуманитарлық және медициналық көмек көрсету үшін кіргізу туралы бұйрықты күтуде.
Жексенбі күні Египет пен Газа арасындағы «Рафах» бекетінің сынақ режиміндегі жұмысы басталды. Бұл — АҚШ-тың арағайындығымен қол жеткізілген атысты тоқтату келісімі аясында өткелді ішінара қайта ашуға дайындық кезеңі. Алғашқы кезеңде бекет палестиналықтардың шектеулі көлемде шығуы үшін ғана пайдаланылмақ.
Израильдің COGAT кеңсесінің мәліметінше, 2024 жылдың мамыр айынан бері, Израиль өткелге бақылау орнатқан уақыттан бастап, «Рафах» негізінен жабық күйде болған. Қазіргі уақытта оның жұмысын қалпына келтіруге Еуропалық одақ, Египет және басқа да серіктестер қатысып жатыр.
COGAT бекет тек «жергілікті тұрғындардың шектеулі өтуі» үшін ашылатынын хабарлады, алайда нақты күнін атаған жоқ. Ал Газа секторын басқару жөніндегі палестиналық технократиялық комитеттің басшысы Әли Шаат әлеуметтік желілерде екі бағытта да қозғалыс дүйсенбі күні басталуы мүмкін екенін жазды.
Израильдің қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз CNN-ге күніне Газадан шамамен 150 палестиналықтың шығуына, ал кіретіндердің саны 50 адамға дейін шектелетіні айтқан. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың сөзінше, өткелден өту көп адам үшін қолжетімсіз болып отыр, себебі жол ақысы бірнеше мың долларды құрайды.
«Рафах» бекетінің толық ашылуы АҚШ-тың арағайындығымен жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің бірінші кезеңінде қарастырылған. Бұл келісім қазан айының ортасында күшіне енген. Израиль бұл қадамды барлық тірі және қаза тапқан тұтқындардың қайтарылуымен байланыстырған. Өткен аптада Израильге соңғы қаза тапқан тұтқын Ран Гвилидің мәйіті жеткізілді. Бұған дейін бұл іске ХАМАС ұйымы ықпал еткені хабарланған.
Гвилидің мәйітін қайтару және «Рафах» бекетінің жұмысын іске қосу келісімнің 20 тармақтан тұратын бірінші кезеңін ресми түрде аяқтады. CNN мәліметінше, АҚШ екінші кезеңнің басталғанын екі апта бұрын жариялаған.
