Мемлекет басшысының келісімімен Бас прокурордың бұйрығы арқылы әділеттің 3-сыныпты мемлекеттік кеңесшісі Елдос Алиханович Сағиев Шымкент қаласының прокуроры қызметіне кірісті. Бұл туралы ресми ақпарат таратылды. Бұған дейін аталған лауазымды Ғабит Мұқанов атқарған.
Жаңа прокурордың еңбек жолы
Елдос Сағиев прокуратура саласындағы қызметін Ақмола облысы Шортанды ауданының прокурор көмекшісі ретінде бастаған. Кейін әр жылдары Қарағанды облысындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінде, сондай-ақ Қостанай мен Маңғыстау облыстарындағы Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарды.
Сонымен қатар, Бас прокуратура жанындағы арнайы прокурорлар қызметінде еңбек еткен. 2022 жылдың тамыз айынан бастап Бас прокуратурада сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын және қылмыстық қудалауды қадағалау қызметін басқарды.
Шымкенттегі құқық қорғау саласындағы өзгерістер
Бұған дейін Шымкент қаласының полиция департаментін басқарған Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылған болатын. Оның орнына Мұхтар Қожаев тағайындалды. Бұл шешім қалада үлкен қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық оқиғадан кейін қабылданды.
Қоғам назарындағы іс
Қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбай қаза тапты. Оқиға қоғамда кең талқыланып, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты сұрақтар туындады. Күдікті ретінде марқұмның танысы ұсталып, қамауға алынды.
20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске байланысты полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.
