Талдықорған қаласында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан ірі заңсыз зертхананың жолы кесілді. Арнайы операцияны Шығыс Қазақстан облысының есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері прокуратура өкілдерінің қолдауымен жүзеге асырды.
Тексеру барысында заңсыз өндірісті 30 жастағы ШҚО тумасы ұйымдастырғаны анықталды. Ол есірткі дайындауды қала шетіндегі жалға алынған жеке үйде жолға қойған. Ал химиялық заттар мен арнайы жабдықтар басқа тұрғын үйде сақталған.
Тінту нәтижесі
Тінту кезінде полицейлер кәсіби деңгейдегі зертханалық құрылғыларды, дайын өнімдерді және жартылай өңделген заттарды тапты. Сонымен қатар, әртүрлі канистрлер, ыдыстар, қаптамалар, ұнтақ және сұйық күйдегі өткір иісті заттар тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз айналымнан 8 келіден астам синтетикалық есірткі алынды.
Сараптама деректері
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың бір бөлігі 2 келіден астам мефедрон екені белгілі болды. Бұдан бөлек, құрамында химиялық сұйықтық бар 33 канистр табылып, олардың жалпы көлемі шамамен 800 литрді құраған.
Сондай-ақ, желе тәрізді-кристаллды зат салынған 15 лоток, ерекше иісі бар сұйықтық құйылған бөтелкелер мен ұнтақ заттар алынып, қосымша сараптамаға жіберілді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл арна Шығыс Қазақстан облысына синтетикалық есірткі жеткізуге бағытталған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
