Daily Mail басылымының жазуынша, рейстерді қадағалайтын сервистердің мәліметі бойынша, Bombardier Global Express 6500 бизнес-джеті Эр-Риядтан Мадридке дейін шамамен жеті сағаттық сапар жасаған. Ұшақ 2 наурыз күні кешкі сағат 20:00 шамасында көкке көтеріліп, 3 наурызға қараған түні сағат 01:00 кезінде Испания астанасына қонған.
Роналду Эр-Риядта сүйіктісі Джорджина Родригес және бес баласымен бірге тұрады. Қазіргі уақытта футболшының нақты қайда екені туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Дегенмен Мадридке жасалған бұл ұшыс халықаралық БАҚ-та қызу талқыға түсті.
28 ақпанда шабуылшы Сауд Арабиясы премьер-лигасының 24-туры аясында өткен матчқа қатысып, оның клубы – Аль-Наср – Аль-Фейха командасын 3:1 есебімен жеңді. Алайда ойын Роналду үшін сәтті бастала қойған жоқ: ол 11-минутта пенальтиді мүлт жіберді. Ал 81-минутта оң аяғындағы жайсыздыққа байланысты алаңнан ауыстырылды. Бұл жағдай жанкүйерлерді алаңдатып қойды.
Португалиялық футболшы «Аль-Наср» сапына 2023 жылдың қаңтарында қосылған. Биылғы маусымда 41 жастағы шабуылшы барлық турнирде 26 матч өткізіп, 22 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Жасы ұлғайса да, Роналду әлі де шешуші сәттердің ойыншысы екенін дәлелдеп келеді.


