
Алматыда резонанс тудырған іс бойынша маңызды куәгер Ахиддин Хамракулов бұрын айтқан мәлімдемелерін жоққа шығарып, енді кінәні адвокатқа аударып отыр.
Telegram-дағы «Письма президенту» арнасында тараған видеоүндеуде ол оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Хамракуловтың айтуынша, ол 2023 жылы блогер Санжар Бокаевпен танысып, оның үйін жөндеу жұмыстарына жалданған.
Кейін, 2025 жылдың соңына қарай, Бокаев оған зиратқа апару үшін гранит плиталарын сатып алуды тапсырыпты. Алғашқы әрекет сәтсіз аяқталғанымен, кейіннен видео түсірілген. Бұдан кейінгі тапсырма — Баума тоғайындағы ағаштарды кесу болған. Бұл жұмыс үшін ол 100 мың теңге алғанын айтады.
Бұған дейін Хамракулов құқық қорғау органдары тарапынан қысым көргенін мәлімдеген еді. Алайда қазір ол сол сөздерінен бас тартып, видеодағы айтқандары адвокат Диас Ахметовтің нұсқауымен жасалған «қойылым» болғанын алға тартты. Оның айтуынша, адвокат «шу шыққаннан кейін босатып жібереді» деп уәде берген.
Сондай-ақ, Хамракулов өз әрекеттерінің заңсыз екенін толық түсінбегенін жеткізді. Ағаштарды заңсыз кескені үшін оған екі жыл шартты жаза тағайындалған.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода ол тергеу барысында өзіне қысым жасалғанын, жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын және тіпті физикалық зорлық көргенін айтқан еді.
Ал 18 наурыз күні қоғам белсендісі Санжар Бокаевтың ұсталғаны белгілі болды. Оған әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратты және аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдік тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол заңсыз әрекеттерді — атап айтқанда, қоғамдық саябақтағы ағаштарды кесу мен құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауды — төмен табысты адамдарды ақшаға жалдау арқылы ұйымдастырған.
Айта кетейік, бір ай бұрын Бокаев өз бизнесін АҚШ-қа көшіргені хабарланған. Ол бұл шешімін «қоғамдық жұмыстың нәтижесіздігі мен алғыссыздығынан шаршадым» деп түсіндірген еді.

